Dala.Camp Forum 2026 халықаралық форумы басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бурабайда екі күндік халықаралық мал шаруашылығы форумы – Dala.Camp Forum 2026 өз жұмысын бастады. Форум аясында сала өкілдері экспортқа бағытталған мал шаруашылығын дамыту перспективаларын, нарықты шоғырландыру мәселелерін және мемлекеттік қолдау шараларын талқылады.

Іс-шараға Қазақстаннан, Орталық Азия елдерінен, АҚШ, Бразилия, Франция, Нидерланд, БАӘ және Түркиядан шамамен 250 делегат қатысты.

Форумның басты тақырыбы – Қазақстанның ет индустриясын дамыту және саланың ұзақ мерзімді экспорттық стратегиясын қалыптастыру.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мал шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі әрі бәсекеге қабілетті салаларының біріне айналып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және экспорттық әлеуетін қалыптастыратын бағыт болуы тиіс екенін атап өтті.

Вице-министрдің айтуынша, мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 39%-ын құрайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша саланың жалпы өнім көлемі 3,8 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылғы 3,3 трлн теңгемен салыстырғанда жоғары. Сонымен қатар жыл сайынғы 2–3% деңгейіндегі өсім саланың нақты әлеуетін толық көрсетпейді және жүйелі өзгерістерді талап етеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Құжат өнімділікті арттыруға, ветеринариялық қауіпсіздікті нығайтуға және экспорттық нарықтарды кеңейтуге бағытталған.
Мемлекет нүктелік қолдау шараларынан кешенді ынталандыру моделіне көшуде, онда несиелеу, инвестициялық құралдар және инфрақұрылымдық қолдау бірыңғай тетік ретінде жұмыс істейді», — деді Аманғали Бердалин.

Құжатта жылдық 5–6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеуді енгізу, асыл тұқымды мал шаруашылығы мен генетиканы дамыту, жем-шөп базасын нығайту, заманауи технологияларды енгізу және өткізу нарықтарын кеңейту қарастырылған.

Атап айтқанда, жоғары өнімді мал басын сатып алуға ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыландыру тетігін іске қосу, жайылымдық мал шаруашылығын және жайылым инфрақұрылымын дамыту жоспарлануда.

Форум барысында мал шаруашылығының экспорттық экожүйесін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар мемлекет, бизнес және фермерлер мүдделерін үйлестіру, бірыңғай сапа стандарттарын енгізу және тұрақты өткізу арналары жүйесін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

«Turan» мал шаруашылығы қауымдастығы басқарма төрағасы Жәнібек Кенжебаев өндірушілерді шоғырландыруға, баға белгілеудің ашықтығын арттыруға және кепілдендірілген экспорттық жеткізілімдерді қалыптастыруға бағытталған нарықты институционалдық біріктіру моделін таныстырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1161900?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version