Аймақ басшысы Берік Уәли Ақсуат ауданының Жәнтікей ауылына барды. Облыс әкімі Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, елді мекендегі өзекті мәселелерге назар аударды.
Жәнтікей ауылында 859 тұрғын бар. Елді мекенде жабық спорт нысаны жоқ. Соған қарамастан ауыл жастары спортпен белсенді айналысып келеді. Қазақ күресі секциясына 24 бала, волейбол үйірмесіне 12 бала қатысады. Ауыл халқы облыс әкіміне елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жөнінде ұсыныс айтты. Атап өтерлігі, ауылдағы Мәдениет үйі 2024 жылы пайдалануға берілген болатын. Мәдениет нысанында би, халық аспаптары, вокал және әжелер ансамблі үйірмелері жұмыс істейді.
Аймақ басшысы кездесуде Ақсуат ауданында атқарылған жұмыстарға тоқталып, биыл инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылатынын айтты. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстардың ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын, кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
«Шекарадағы ауданның ауылдарының тыныс-тіршілігімен танысайын деп арнайы келіп отырмын. Жәнтікей – ауданның қақпасы, бірінші ауыл. Жолдың бойындағы, береке-бірлігі жарасқан елді мекен. Ауылда жаңа Мәдениет үйі бар. Ауыз су тартылған. Интернет бар. Спорт нысанын салу мәселесін қарастыратын боламыз», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы сондай-ақ мәдениет үйінің қазандығына назар аударып, тиісті басқармаға тапсырма берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1161907?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау