Түпқарағанда ардагер ұстазға арналған «Жүректе тұрар жалқы үнің…» атты салтанатты кеш өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Түпқарағанда ардагер ұстазға арналған «Жүректе тұрар жалқы үнің…» атты салтанатты кеш өтті

Түпқараған ауданында ұзақ жылдар бойы білім саласында табысты еңбек етіп, 2014–2026 жылдары Ақшұқыр мектеп-лицейін басқарған Қаламқас Қалиқызының құрметті зейнет демалысына шығуына арналған «Жүректе тұрар жалқы үнің…» атты салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Құралай Газимова, Түпқараған ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев, сондай-ақ ардагер ұстаздар, әріптестері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев құттықтау сөз сөйлеп, аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбаевтың арнайы лебізін жеткізіп, ықылас гүлін табыстады. Жиын барысында Қаламқас Қалиқызының өңірдегі білім беру ісін дамытуға қосқан үлесі мен нәтижелі басқарушылық қызметі ерекше аталып өтті.

Салтанатты кеште мектеп ұжымы мен шәкірттері алғыс білдіріп, арнау өлеңдер оқыды. Әндер шырқалып, ұстаздың еңбек жолын баяндайтын деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.

Қаламқас Қалиқызы жетекшілік еткен жылдары Ақшұқыр мектеп-лицейі бес рет республикалық «Үздік олимпиадалық ауыл мектебі» және екі мәрте облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» атағын иеленді. Білім ордасынан «Үздік педагог» төсбелгісінің иегерлері мен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болған мұғалімдер шықты. Сонымен қатар жеті мектеп директоры тәрбиеленіп, республикалық және халықаралық байқауларда топ жарған білікті педагогтер қалыптасты.

Іс-шара соңында мектеп ұжымы Қаламқас Қалиқызына алғыс айтып, ұзақ жылғы еңбегіне құрмет көрсетіп, алдағы өміріне толағай табыс тіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1161931?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version