ДАНАЛЫҚ ЖОЛЫ – ТАҒЫЛЫМДЫ ҒҰМЫР

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
Түркістан облысы мен Төлеби ауданының Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаевтың құрметті демалысқа шығуына орай «Millenium Palace» мейрамханасында тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Тағдырлы белестер мен елдік мүдде жолындағы табанды еңбекке толы ғұмыр иесіне көрсетілген құрмет – ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі болды.
 
Салтанатты жиынға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Қайратұлы, аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер қатысты. Өз сөздерінде спикерлер ардагердің өңірдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік дамуына қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті. Ұзақ жылдар бойы ел бірлігі мен татулығын нығайту жолындағы еңбегі жоғары бағаланып, ақжарма тілектер білдірілді.
 
Жиында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің құттықтау хаты оқылып, мемлекет пен қоғам игілігі жолындағы қызметіне ризашылық білдірілді. Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз сөйлеп, Республикалық Орталық кеңестің Алғыс хатын, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Алғыс хатын және облыстық Ардагерлер кеңесінің “Ел ағасы” төсбелгісін табыстады.
 
Сондай-ақ, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиевтің, аудан әкімінің, Төлеби ауданы прокурорының, аудандық соттың және аудандық мәслихат төрағасының құттықтау хаттары табысталып, мерейтой иесіне ізгі тілектер жеткізілді.
 
Іс-шара барысында ұлттық дәстүрге сай шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Өнегелі өмір жолы, парасатты пайымы мен елге сіңірген еңбегі кейінгі буынға үлгі екені айрықша атап өтілді. Даналық пен тағылымға толы ғұмыр – ел тарихының ажырамас бөлігі екені жиын барысында терең сезілді.
 
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-tolebi-audany/press/news/details/1162184?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version