ЕРЛІК – ЕРДІҢ ҚАСИЕТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін Сырым ауданында Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай “Ерлік – ердің қасиеті” атты салтанатты шара оздырылды.
Шараның алғы сөзін Жымпиты ауылының әкімі Мейрам Қайырғалиев сөйлеп, жауынгер – интернационалистерге аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Сонымен қатар ауғандық ағалар БҚО бойынша “Ауғанстан соғысының мүгедек ардагерлерінің қоғамы” қоғамдық бірлестігінің төс белгісімен марапатталды.
-“Ауған соғысы… Бүгінгі ұрпақ үшін – ол тарихтың бір парағы ғана. Ал біз үшін – өлім көпірі. Ауғанның тауларында қан төгілгені рас. Шатқалдарында автомат асынып біз жүргеніміз рас. Болған дүниені болмады дей алмаймыз. Ауған десе, оқ пен оттың астында қалған бозбалалық арманымыз еске түседі. Ауған десе, күнге күйген жейденің жағасында атамекенге деген сағынышымыз оралады. Ауған десе, сол жақта мәңгі қалған қарулас достарымыз көз алдымызға келеді.Қуанып отырып қайғырамыз, күлімсіреп отырып, жанарға жас аламыз. Иә, біз Ауғанда болдық. Біреуді қырып-жою үшін емес, бейбіт халық соғыс зардабын тартпасын деген сеніммен бардық. Біз өзімізді батыр санаған жоқпыз.Біз бейбітшілік жауынгерлеріміз.Бізге атақ, марапат қымбат емес, бізге бейбітшілік қымбат, бізге тыныштық қымбат. Ауған соғысының ардагерлері – ерлік мектебінің түлектері. “ -деп, тебіренді ауғандық аға Мұрат Айдарханов өз сөзінде.
Шара Сырым ауданы көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.
Концерттік бағдарламада ауданымыздың күміскөмей әншілері Алмас Елшібеков, Армат Алдамжаров, Гүлдерайым Опағалиева, Ринат Шайхиев, Әділ Қазиев, Алмагүл Жұма, Наурызбай Жұма және Сырым ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім сержанты Жадыра Шамұратова өнер көрсетті.
Кеш қонақтары Ауғанстан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, майданда мәңгі қалған қаруластарына тағзым етті.
 
Қондыкер ЖЕҢІСҰЛЫ,
“Сырым елі”

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1162259?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version