ОТБАСЫН ҚОРҒАУ – ОРТАҚ МІНДЕТ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Бүгін, 13 ақпан күні Сырым ауданында Отбасын қолдау орталығы жанындағы мобильді топ мүшелеріне арналған семинар өтті. Жиынға ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары, полиция инспекторлары қатысып, төрағалықты аудан әкімі аппаратының басшысы Тлегенов Максим Тоқтамысұлы жүргізді.
Аудан әкімінің 2024 жылғы 9 желтоқсандағы №204 қаулысына сәйкес құрылған “Отбасын қолдау орталығының” негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту және өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға дер кезінде көмек көрсету.
Орталық директоры Ақкүміс Хамитова мекемелер арасындағы ынтымақтастықты күшейту, профилактикалық жұмысты жандандыру және штаттық бірліктерді толықтыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, ауылдық округтерден түсетін сигналдарға жедел әрекет ету үшін көлік мәселесін шешудің маңызын жеткізді.
Бүгінге дейін орталыққа 106 адам жүгінген. 96 азамат әлеуметтік көмек сұраса, 64-іне психологиялық, 29-ына заңгерлік кеңес берілген. Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері де тіркелген. Семинарда полиция өкілдері отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар туралы мәлімет беріп, интернет-алаяқтардан сақ болуға шақырды. Әсіресе, жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды автоматтандыру мақсатында «FSM SOCIAL» цифрлық платформасын қолдану тетіктері таныстырылды.
Отбасы – қоғамның іргетасы. Оны сақтау мен нығайту – баршамызға ортақ міндет. Өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарды ерте анықтап, дер кезінде қолдау көрсету – тұрақты әрі қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты шарты.
 
Құбаева Нұрайлым

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1162201?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version