Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 37 жыл толуына орай Төлеби ауданында тағылымды іс-шара өтті. «AMANAT» партиясы Төлеби аудандық филиалының бастамасымен «Қайсар» патриоттық жобасы аясында ұйымдастырылған «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» атты салтанатты жиын – өткенге тағзым жасап, ерлік рухын ұлықтаудың айқын көрінісі болды.
Іс шара «Жеңіс» саябағындағы «Мәңгілік алау» алаңына гүл шоқтарын қойып, Ауған жерінде қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Марқұмдардың рухына Құран бағышталып, ел үшін от кешкен ерлерге құрмет көрсетілді.
Аудандық Мәдениет үйінде жалғасқан жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков аудан әкімінің атынан марапаттар табыстап, ардагерлерге ізгі тілегін жеткізді. Аудандық мәслихат депутаты Ділмұрат Омаров, «AMANAT» партиясы Төлеби аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шырынбек Оңғаров ардагерлердің ерлігі – елдік рухтың айнымас айғағы екенін атап өтті.
Жиын барысында аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, тағылымды кештің рухын асқақтатты. Ардагерлерге – құрмет, ерлікке – тағзым!
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау