Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Шарипов Руслан Шамелұлы Абай облысы Полиция департаментінің жеке құрамымен жұмыс кеңесін өткізді. Кездесу барысында мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай саясаттың негізгі бағыттары, қызметтік әдеп қағидаттарын сақтау, ұжымдық мәдениетті нығайту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Аталған департамент – өңір аумағында мемлекеттік қызмет және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына бақылау жүргізетін, мониторинг ұйымдастыратын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқаратын уәкілетті орган болып табылады. Осы ретте полиция қызметкерлерімен өткен жиын мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған маңызды алаңға айналды.
Кеңес барысында спикер құқық қорғау саласындағы қызметтің айрықша жауапкершілігін атап өтті. Полиция – қоғам мен мемлекет арасындағы сенім көпірі. Сондықтан әрбір қызметкердің кәсіби біліктілігімен қатар, әдеп нормаларын сақтау деңгейі, азаматтармен қарым-қатынас мәдениеті және заң талаптарын мүлтіксіз орындауы құқық үстемдігін қамтамасыз етудің басты кепілі екендігі айтылды.
Шарипов Руслан Шамелұлы мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын сақтау, қызметтік тәртіпті нығайту, мүдделер қақтығысына жол бермеу және ашықтық қағидаттарын ұстану мәселелеріне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау тек бақылау шараларымен ғана емес, ең алдымен ішкі мәдениет пен жеке жауапкершілік арқылы жүзеге асатынын жеткізді.
Жиын аясында қызметтік әдеп жөніндегі уәкілдердің рөлі, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, азаматтардың өтініштерін қарау кезінде заңдылық пен объективтілікті қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби бейнесі – мемлекеттік қызметтің абыройын айқындайтын маңызды фактор екені атап өтілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1163755?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау