Түркістан облыстық мәслихатының уақытша депутаттық комиссиясының кезекті отырысында 2025 жылы Түркістан қаласына республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаржының игерілу барысы қаралды. Жиында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халық қалаулыларына атқарылған жұмыстар мен негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалу деңгейін таныстырды.
Есептік кезеңде бөлінген бюджет қаражаты қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, тұрғын үй құрылысы, жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту, инженерлік-коммуникациялық желілерді дамыту, абаттандыру жұмыстары, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды салу және жаңғырту жобаларына бағытталған.
Атап айтар болсақ, қала бюджетіне 2025 жылы 128,3 млрд.теңге бөлініп, тұрғын үй құрылысы саласы бойынша 2025 жылы 70 тұрғын үй, 3 560 пәтерді құрайтын 220 317 шаршы метр тұрғын алаң пайдалануға
беру жоспарланып, 33 тұрғын үй – 1 984 пәтер тапсырылды. Инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым саласы бойынша индустриялық аймақтың аумағында автомобиль жолдары салынды, сыртқы жарықтандыру жүйелері орнатылып, сыртқы инженерлік және байланыс желілері жүргізілді. Бүгінде жобаның 3-кезеңі бойынша құрылыс жұмыстары толық аяқталды. «Парасат» саябағы мен 500 орындық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Сонымен қатар, спорт саласын дамыту мақсатында ауысымына 200 бала қабылдайтын 5 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Өткен жылғы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер де едәуір артқан. Мәселен, жалпы өңірлік өнім көлемі 526,3 млрд құрап, 16,3% өссе, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 502,7 млрд тенгені құрайды.
Жиын соңында қала басшысы мәслихат депутаттарының ұсыныс-сауалдарына жауап беріп, Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жалғасатынын жеткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1163805?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау