Астананың Сарыарқа ауданында Нұра аудандық «Нұра сазы» этно-фольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасы өтті. Өнер ұжымы ұлттық музыка өнерінің інжу-маржандарын орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кеш барысында қазақ музыкасының көрнекті өкілдері – Нұрғиса Тілендиевтің «Ататолғау» күйі, халық әні «Шіркінай», Әбдімомын Желдібаевтің «Еркесылқым» күйі, сондай-ақ Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйі және басқа да туындылар орындалды. Әрбір шығарма ұлттық рухты асқақтатып, тыңдарманды төл өнердің терең тамырымен қауыштырды.
Ансамбльдің жеке орындаушылары Райхан Төлепбергенова, Шолпан Бекниязова, Бақытгүл Кәрібай, Бексұлтан Төлегенов, Зәуреш Аманжанова және Айдар Қуатбаев өз өнерлерімен көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, кештің мерекелік атмосферасын айшықтай түсті.
Іс-шара соңында Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Кенжеболат Бапишев ансамбль ұжымына шығармашылық табыстары үшін Алғыс хат табыстап, ұлттық өнерді дәріптеудегі еңбектеріне жоғары баға берді. Кеш қонақтары өнерпаздарға ризашылықтарын білдіріп, осындай тағылымды кездесулердің жалғасын табуына тілектестік танытты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1164251?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау