Мойынқұм ауданының ақпарат кеңістігінде маңызды жаңалық орын алды. 60 жылдық тарихы бар аудандық «Мойынқұм таңы» газетіне жаңа редактор тағайындалды. Бұл жауапты қызметке облыстық Ақжол газетінің тілшісі, айтыскер ақын Есет Досалы келді.
Ресми тағайындау рәсіміне Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев қатысып, жаңа редакторға сенім білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Аудан басшысы өз сөзінде аудандық басылымның ел өміріндегі маңызын атап өтіп, оның мазмұны заман талабына сай жаңарып, оқырман жүрегіне жол табатын, ой салатын, елдік мәселелерді көтеретін материалдармен толыға түсетініне сенім білдірді.
Алпыс жылдық тарихы бар «Мойынқұм таңы» – жай ғана басылым емес, бұл – ауданның шежіресі, елдің үні, уақыттың айнасы. Басылым беттерінде талай тарихи кезеңдер мен маңызды оқиғалар хатталып, бірнеше буынның рухани серігіне айналды. Газет әрдайым өңірдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді, мәдени-рухани жаңалықтарды және тұрғындардың тыныс-тіршілігін айна-қатесіз көрсетіп келеді.
Шығармашылық ортадан шыққан, сөз қадірін білетін, айтыс өнерінде де, журналистика саласында да өзіндік қолтаңбасы бар азаматтың редактор болып келуі – газеттің жаңа деңгейге көтерілуіне берілген мүмкіндік. Есет Досалының тәжірибесі мен тың көзқарасы басылым жұмысына жаңа серпін беріп, мазмұндық және форматтық тұрғыда жаңашылдық әкеледі деп күтілуде.
Алдағы кезеңде газет ұжымы тың жобаларды іске қосып, жаңа айдарлар ашып, заманауи форматтарды енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, цифрлық кеңістіктегі белсенділік артып, оқырманмен кері байланыс нығая түспек.
Дегенмен басылымның басты құндылығы өзгермейді: шынайылық, кәсібилік және елге адал қызмет ету миссиясы.
Жаңа редакторға шығармашылық табыс тілейміз, ал «Мойынқұм таңы» газетіне – жаңа белестер мен жарқын жетістіктер!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1164483?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау