Жетісу облысында интернет-алаяқтыққа қарсы күресте цифрлық құралдарды қолдану жүйелі тәсілге айналуда. Шоттарды бұғаттау және ақшаны қайтару бойынша кезекті сәтті кейс қадағалау органы таңдаған стратегияның тиімділігін растайды.
Осы стратегияны іске асыру аясында Қаратал ауданының прокуратурасы Ұлттық Банктің «Антифрод-орталығы» платформасы арқылы жедел әрекет ету алгоритмін енгізуді жалғастырды. Бұл жұмыстың практикалық нәтижесі — өңір тұрғынына 600 мың теңге көлеміндегі қаражаттың қайтарылуы болды. Сәттіліктің басты факторы — алаяқтар ұрланған активтерді таратып жіберуге тырысқан шоттар тізбегінің қас-қағым сәтте бұғатталуы.
Аталған шара ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қолданылды. «Антифрод-орталығы» жүйесінде оқиғаны тіркеу нақты уақыт режимінде ақша қаражаты түскен банктік шоттарды анықтауға және оларға дер кезінде шектеу қоюға мүмкіндік берді.
Жұмыстың тиімділігі нақты сандармен расталады: 2025 жылы «Антифрод-орталық» бағдарламасы аясында облыс прокуратурасы 11 млн теңгеден астам сомасына күдікті транзакцияларды бұғаттады, оның 5,3 млн теңгесі заңды иелеріне қайтарылды, қалған активтер бойынша жұмыс жалғасуда.
Жетісу облысының прокуратурасы ескертеді: киберқылмыспен күресте уақыт факторы шешуші рөл атқарады. Құқық қорғау органдарына уақтылы жүгіну және транзакциялар туралы мәліметтерді ұсыну — қаражатты бұғаттау мен қайтарудың жоғары мүмкіндігін береді.
Азаматтардың құқықтарын қорғау және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл прокуратура органдарының қадағалау қызметіндегі басым міндеттер болып қала береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-zhetysu/press/news/details/1164300?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау