Бүгін аудан әкімі Азизхан Исмаилов болашағынан үлкен үміт күттіретін жас дарын – Әли Сапарұлын арнайы қабылдап, оған құрмет көрсетті.
Әли 2021 жылдың 1 қазанында Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе елді мекенінде дүниеге келген. Алты балалы отбасының кенжесі болса да, зеректігімен және білімге деген ерекше құштарлығымен ерте жастан көпшіліктің назарын аударып отыр. Бір миллионға дейінгі сандарды еркін ажыратып, екі-үш таңбалы сандарға амалдар қолдануы, сандарды ағылшын тілінде айта алуы – үлкен еңбектің және дұрыс бағыт-бағдардың нәтижесі.
Қазіргі таңда Әли Алтынтөбе жалпы білім беретін мектебінде мектепалды даярлық сыныбына қатысып, «Жасұлан» балабақшасында тәрбиеленуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, білімді ұрпақ – ел болашағының кепілі. Сондықтан дарынды балаларды қолдау мен дамыту – басты міндеттердің бірі екендігін жеткізіп, “Әли, алдыңнан тек ашық жол, биік белестер тілеймін. Білімге деген құштарлығың ешқашан сөнбесін. Ел мерейін үстем ететін азамат болып өс, болашағың жарқын болсын” – деді.
Әр баланың алғашқы ұстазы – ата-анасы. Әкесінің математика саласындағы білімі мен анасының ағылшын тілі пәні мұғалімі болуы Әлидің қабілетінің ерте ашылуына зор ықпал еткені анық. Осындай саналы әрі білімді ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-анасына аудан жұртшылығы атынан алғыс білдіреміз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kazygurt-audany/press/news/details/1164864?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау