Қазіргі қоғамда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр. Әсіресе мектепке дейінгі кезеңде баланың зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік дағдыларын ерте жастан дамыту – уақыт талабы. Осы бағытта «Zerek» бөбекжайы 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап заманауи цифрлық білім беру ортасын қалыптастырып, инновациялық технологияларды тәжірибеге енгізіп келеді.
Мекеменің негізгі міндеттерінің бірі — инновациялық технология элементтерін енгізу арқылы тәрбиеленушілердің зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Бөбекжайдың білім беру кеңістігі заманауи кабинеттермен жабдықталған: «Робототехника», «Интерактивті скалодром», «Интерактивті құм жәшігі», «STEM-зертханасы», «Ақылды еден», «Ақылды айна» құрылғылары және т.б.
Робототехника кабинеті — мектепке дейінгі білім берудегі заманауи бағыттардың бірі. Бұл тек құрастыру ғана емес, балалардың техникалық болжаудағы дағдыларын, мақсатқа жету үшін жұмысты құру қабілеті және ұжымда жұмыс істей алу іскерлігін дамыту болып табылады.
«Интерактивті құм жәшік» үйірмесі — Құм терапиясы. Бұл педагогика мен психологияда қолданылатын аса ерекше әрі қызықты әдістердің бірі болып табылады. Табиғи материалмен, яғни құммен жұмыс жасау балалардың эмоционалдық көңіл күйіне жағымды әсер етеді. Интерактивті құм жәшігі классикалық әдістің шекаралары мен мүмкіндіктерін кеңейтеді. Құм кеңістігін толықтай модельдеуге, қалаған суретті жасауға мүмкіндік береді.
Цифрлық трансформация педагогтердің кәсіби дамуынсыз мүмкін емес.
Мектепке дейінгі ұйым меңгерушісі Аягөз Қаппасованың айтуынша, педагогтердің 90%-ы «Білім берудегі жасанды интеллект: инновациялық технологиялар мен оқу үдерісінің цифрлық трансформациясы» тақырыбында «DARYN USTAZ» біліктілік арттыру орталығынан курс алып, біліктіліктерін арттырды.
«Қазіргі таңда педагогтер заманауи цифрлық құралдар мен сервистерді белсенді меңгеруде: ChatGPT (OpenAI), Copilot, Google Gemini, Poe (Quora), Canva AI, Camma AI, GROK», — деп қосты Аягөз Қаппасова.
«Zerek» бөбекжайының тәжірибесі цифрлық бөбекжай — бұл тек заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету ғана емес, технологиялар баланың жеке тұлғасын дамытуға қызмет ететін тұтас білім беру экожүйесі екенін көрсетеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-edu/press/news/details/1165284?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау