Көктемгі егіске дайындық жұмыстары пысықталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Аудан әкімі Мажит Самитов Қыркеңсе және Қожакент ауылдық округтеріне барып, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын бақылады.
Алдымен Қыркеңсе ауылдық округіндегі ұзындығы 10,5 км болатын Р-23 каналының тазалау жұмыстарымен танысты. Бұл канал арқылы 50 шаруа қожалығының 3662 гектарға жуық егістік алқабы су алады. Қазіргі таңда 4,5 км тазаланып, толық жұмыстар ақпан айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Одан кейін аудан әкімі егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ететін негізгі Келінтөбе магистралды каналының Қожакент ауылдық округі тұсындағы тазалау жұмыстарын тексеріп, Қожакент және Өзгент ауылдық округтерінің шаруашылық басшыларымен кездесті. Қазіргі таңда «ҚазСушар» мекемесі каналдың 28 шақырым құм басқан бөлігін тазалауда.
Аудан басшысы шаруашылық жетекшілерімен көктемгі егіске дайындықты барынша күшейту, күріш көлемін бекітілген жоспарға сай орналастыру, артық егіс екпеу, су үнемдеу технологияларын пайдалану, күріш алқаптарын толық лазерлік тегістеуден өткізу, ішкі шаруашылық каналдарды толық тазалау мәселелерін талқылады.
Соңғы жылдардағы Сырдария өзеніндегі су көлемінің азаюына байланысты су тапшылығы мәселесінің өте өзекті болып отырғанын атап өтіп, осыған орай Үкімет басшысы мен аймақ басшысының егісті әртараптандыру, суды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту, бекітілген жоспардан тыс екпеу, су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмаларын жеткізді.
Аудан әкімі Мәжит Самитұлы сала басшыларына аудан көлемінде атқарылып жатқан көктемгі дала жұмыстарын күнделікті бақылауда ұстап, жоспарланған шараларды мерзімінде әрі толық орындауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-zhanakorgan/press/news/details/1164908?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version