Приозерск қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жаңа жағалау аймағы, абаттандырылған жағажайлар, су бойындағы дәмханалар, жағалау бойымен тартылған веложолдар және концерттер мен спорттық турнирлер өтетін ауқымды жастар саябағы. Болашақта туризмге басымдық беретін қала ретінде Приозерск осындай келбетке ие болмақ.

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары кезекті XXXII сессияда қаланың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен ұштастырылған Бас жоспарына енгізілген түзетулерді бекітті. Құжат 2038 жылға дейінгі кезеңді қамтиды және заманауи туристік-рекреациялық ортаны қалыптастыруға, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған.

Негізгі басымдық жағалау аумағына берілген. Ұзындығы шамамен жеті шақырымды құрайтын демалыс аймағы кешенді түрде абаттандырылмақ. Жоба аясында жағажайлар, көлеңкелі шатырлар, жарықтандыру және көгалдандыру жүйелері, балалар алаңдары және өзге де абаттандыру элементтері қарастырылған.

— Приозерск елеулі табиғи және мәдени әлеуетке ие. Біз туризмді қаланы дамытудың стратегиялық бағыты ретінде қарастырамыз және Приозерскіні заманауи туристік орталыққа айналдыру жолында нақты қадамдар жасап отырмыз. Бас жоспарға енгізілген түзетулер саланың ұзақмерзімді даму әлеуетін ескере отырып әзірленді және қалалық ортаны кешенді әрі орнықты дамытуға бағытталған, — деп атап өтті қала әкімі Мансур Ахметов.

Қаланың батыс және шығыс бөліктерінде әрқайсысының аумағы шамамен 20 гектарды құрайтын демалыс аймақтарын салу жоспарланып отыр.

Тағы бір маңызды жоба — жастар саябағы. Оның аумағында спортпен айналысуға, би билеуге және концерттер өткізуге арналған алаңдар қарастырылған. Саябақ арқылы негізгі демалыс аймақтарын байланыстыратын жағалау желісі өтеді.

Жоба қаланы кезең-кезеңімен дамытуды, аумақты толық игеруді және тұрғындардың әлеуметтік әрі тұрғын үй жағдайларын жақсартуды көздейді.

Сондай-ақ электрмен жабдықтау, су құбыры және кәріз жүйелерін жаңғырту, екі қазандық салу және жаңа магистральдық жылу желілерін тарту қарастырылған. Инженерлік коммуникациялар қуат резервімен жобаланады, ал жаңбыр және еріген қар суларын бұру үшін жергілікті ағын суларды әкету жүйесі бар кәріз жүйесін салу жоспарланған.

— Приозерскінің жаңа Бас жоспары — қаланың болашағына арналған стратегиялық көзқарас. Мұнда туристік әлеуетті дамытуға және жайлы қалалық орта қалыптастыруға, қолжетімді мектептер мен балабақшалар салуға, заманауи индустриялық аймақтар құруға, шағын және орта бизнесті қолдауға, жол және инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға басымдық берілген, — деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1165347?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version