Жамбыл облыстық ауруханасында анестезиологиядағы заманауи мониторинг бойынша шеберлік сабағы өтті
Тараз қаласындағы облыстық көпбейінді ауруханасында «Анестезиолог дәрігер тәжірибесіндегі мультимодальды мониторинг» тақырыбында шеберлік сабағы ұйымдастырылды.
Оқыту іс-шарасын С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Қосымша кәсіби білім беру институтының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Еркінбек Исмаилов жүргізді. Шеберлік сабағына облыстық аурухананың анестезиолог дәрігерлері қатысты.
Онда хирургиялық араласулар кезінде және операциядан кейінгі кезеңде науқастың жағдайын кешенді бақылауға арналған Masimo (АҚШ) компаниясының Root инновациялық, инвазивті емес мультимодальды мониторинг жүйесі таныстырылды. Бұл жүйе өмірлік маңызды көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде бақылап, анестезия мен емдеу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі клиницистердің мүмкіндігін едәуір кеңейтеді.
Root платформасы ми белсенділігі мен анестезия тереңдігін, қанның, ми мен тіндердің оттегімен қанығу деңгейін, сондай-ақ гемодинамикалық көрсеткіштерді инвазивті араласусыз кешенді бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе жүрек-қантамыр жүйесінің қызметін бағалап, инфузиялық терапияның тиімділігін айқындауға, қан жоғалтуды, оттегінің жеткізілу бұзылыстарын, көміртек тотығымен улануды және дәрілік препараттарға жасырын реакцияларды дер кезінде анықтауға жағдай жасайды.
Жүйе тыныс алу үдерісі мен тыныс алу газдарын тұрақты бақылауда ұстап, сымсыз сезгіштер арқылы науқастың дене қалпын, қозғалыс белсенділігін және тыныс алу жиілігін үздіксіз қадағалайды. Мұндай кешенді бақылау асқынулардың және түрлі жарақаттану қаупінің алдын алып, науқас қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, Root платформасы ми қызметін, тыныс алуды, қан айналымын, газ алмасуды және қозғалыс белсенділігін бір арнаға біріктіріп, операцияға қатысты барлық кезеңде медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.
Заманауи технологиялар күрделі өзгерістерді ерте анықтауға, ем тактикасын жеке ерекшелікке сай таңдауға, асқыну қаупін азайтып, медициналық көмектің сапасын көтеруге жол ашады.
Ұсынылған технологиялардың инновациялық сипаты, жоғары дәлдігі және практикалық маңызы айқын. Мұндай жүйелерді енгізу — дербестендірілген медицинаны дамытуға, пациент қауіпсіздігін арттыруға және хирургиялық ем нәтижелерін жақсартуға бағытталған маңызды қадам, — деп атап өтті Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің хирургия және инновациялар жөніндегі орынбасары Асқар Садықов.
Іс-шара соңында жамбылдық медицина қызметкерлері шеберлік сабағын жоғары деңгейде өткізіп, тәжірибеге бағытталған мазмұн ұсынғаны әрі өңірде заманауи анестезиология мен реаниматологияның дамуына қосқан үлесі үшін профессор Еркінбек Исмаиловке алғыс білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1165072?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау