Агенттік Төрағасы Дархан Жазықбай студент жастармен кездесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбай С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттерімен кездесті.

Кездесу барысында Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы жастардың рөлі және «Адал азамат» болудың маңыздылығы жайлы айта келе,  «Мемлекет басшысы айтқандай еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Сондықтан қоғамда болып жатқан өзгерістер мен жаңашылдықтардың алдында болу – жастардың ортақ міндеті» деді Агенттік Төрағасы.

Дархан Жазықбай мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктерге кеңінен тоқталды. Мәселен қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің үштен бірін жастар құрайды, жоғары оқу орындарын үздік академиялық көрсеткішпен аяқтаған түлектер мемлекеттік қызметке конкурстан тыс қабылданады. Бүгінде осы мүмкіндікті пайдаланған 735 жас маман аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға тағайындалған.

Сондай-ақ, Президенттік және Өңірлік жастар кадр резервтері жас басқарушылардың жаңа буынын қалыптастырып отырғаны жайлы айтылды. Резервке қабылданған азаматтардың 25-і Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің түлегі.

Сонымен қатар, «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасындағы жаңашылдықтарға сәйкес, жастарды мемлекеттік қызметке тарту үшін мектеп және университет деңгейін қамтитын ерте кәсіптік бағдарлау институтын құру жоспарланып отыр.

Кездесу барысында Агенттік пен ҚазАТЗУ жастар арасында мемлекеттік қызметтің құндылықтарын ілгерілету және ерте кәсіптік бағдарлау бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті. Сондай-ақ, Мемлекеттік басқару академиясы мен ҚазАТЗУ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметте түрлі маман өкілдері қызмет атқара алатынын және білімді, еңбекқор, отанға еңбек етуді парыз санайтын жастар – еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуінің басты қозғаушы күші екендігін атап өтті. Осы ретте алдағы ел тағдырын айқындаушы тарихи шара – референдумға жастардың белсене ат салысуының маңыздылығына тоқталып, Ата заңның жаңа жобасындағы жаңашылдықтар еліміздің жарқын болашағын қалыптастыруда айрықша маңызға ие екендігін айтты.

Кездесу соңында студенттер мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, кадр резервіне қатысу және кәсіби даму мүмкіндіктері жөніндегі сұрақтарын қойып, ашық форматта пікір алмасты. Агенттік төрағасы жастарды ел игілігі үшін адал еңбек етуге, кәсіби біліктілігін үздіксіз арттыруға және Қазақстанның тұрақты дамуына белсенді үлес қосуға шақырды.

         

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qyzmet/press/news/details/1166626?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version