Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында полиция қызметкерлері көлік құралдарының қозғалысының орташа жылдамдығын тіркеу жүйесін енгізу бойынша жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жаңа жүйе камера орнатылған нақты орынға қарамастан, жолдың кез келген учаскесінде жылдамдық режимін бұзу деректерін анықтауға мүмкіндік береді. Енді белгіленген жылдамдықты асырған әрбір жүргізуші автоматты түрде тіркеліп, заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Алматы облысы Полиция департаментінде атап өткендей, бұл шара жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендетуге және қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
– Жүргізілген талдау нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан, әсіресе жылдамдық режимін сақтамаудан болатыны анықталды. Жылдамдықты арттыру адам өліміне әкелетін ауыр апаттардың негізгі себептерінің бірі болып отыр, – деді Алматы облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркебулан Ахметов.
Қозғалыстың орташа жылдамдығын бақылау жүйесі өңірдің барлық бағыттарында енгізіліп, кезең-кезеңімен кеңейтілуде. Жақын уақытта жол қозғалысы қағидаларын бұзған жүргізушілер тұрақты түрде жауапкершілікке тартылатын болады.
– Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды қағидаларды қатаң сақтауға, мұқият әрі жауапты болуға шақырады. Әркім өз қауіпсіздігі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапты, – деп толықтырды Еркебулан Ахметов.
Естеріңізде болсын, жолдағы қауіпсіздік – әрқайсымыздың өміріміз бен денсаулығымызға тікелей байланысты ортақ міндет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1166216?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау