Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Ажғалиев Сайын Асанұлының зейнетке шығуына арналған «Мәдениет жолындағы – өнегелі өмір» тақырыбындағы шығармашылық кеш өтті.
Шара аудандық мәдени-демалыс орталығын ұзақ жылдар бойы абыроймен басқарған Сайын Асанұлының зейнет жасына жетуіне арналған құрмет кеші ретінде ұйымдастырылды.
Кештің алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы Өмірәлиевке берілді. Аудан басшысы өнердің отын маздатып, мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан мерейтой иесіне ізгі тілегін білдіріп, құттықтау хат табыстап, иығына шапан жапты.
Сонымен қатар, мерейлі кештің сәнін келтіріп, қуанышты бөлісуге келген құрметті қонақтар да өз құттықтауларын арнады. Атап айтқанда, «Парасат» орденінің иегері, БҚО салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, мәдениет саласының ардагері Айдар Тапашұлы Батырханов, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медет Рысқалиұлы Мерғалиев, сондай-ақ еңбек жолын ауданымыздың мәдениет саласында бастаған Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің директоры Ернар Мақсотұлы Өмірәлі кеш иесіне ақжарма тілектерін жеткізді.
Сайын Асанұлына арналған бұл мерейтойлық кеш – ұжымды шынайы ықыласпен басқарған, шығармашылықты биікке көтерген, әрдайым ұжымға жылу мен шабыт сыйлаған азаматқа деген құрмет пен ілтипаттың айқын көрінісі болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-shyngyrlau/press/news/details/1165812?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау