Мойынқұм ауданында Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларды халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында жоспарлы түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы бағыттағы кезекті кездесу Шығанақ ауылының тұрғындарымен өтті. Іс-шараға аудан әкімі қатысып, тұрғындармен ашық форматта пікір алмасты.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулардың негізгі бағыттары жан-жақты баяндалды. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту, сондай-ақ халық пен билік арасындағы кері байланысты нығайту мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар конституциялық реформалардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.
Аудан әкімі өз сөзінде конституциялық реформалар – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды қадам екенін атап өтті. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан өзгерістердің басты мақсаты – әділетті, ашық және халықтың мүддесіне қызмет ететін тиімді мемлекеттік жүйе қалыптастыру екеніне ерекше тоқталды. Сондай-ақ тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері әрдайым назарға алынып, тиісті деңгейде қарастырылатынын жеткізді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар мәселелер бойынша сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Тұрғындардың көтерген мәселелері бойынша тиісті түсіндірмелер беріліп, олардың әрқайсысы назарға алынатыны айтылды. Ашық форматта өткен кездесу өзара пікір алмасуға және тұрғындардың ойларын еркін жеткізуіне мүмкіндік берді.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты – азаматтарға конституциялық реформалардың мәні мен маңызын жан-жақты түсіндіру, қоғамда ашық диалог орнату және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеру болып табылады.
Жалпы, Мойынқұм ауданында конституциялық реформаларды түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Бұл бағыттағы іс-шаралар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік бастамаларға деген сенімді нығайтуға және халықтың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1166240?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау