Аграрлық экспорттың жалпы көрсеткіштері де осы үрдісті растайды. QazTrade мәліметінше, 2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 37,8 %-ға өсіп $7,13 млрдқа жеткен.
Бұл кездейсоқ өсім емес. Сала біртіндеп шикізаттық бағыттан терең өңдеуге көшіп жатыр. Қазақстанда өсірілетін майлы дақылдардың 90 пайыздан астамы ел ішінде өңделеді. Яғни сыртқы нарыққа дайын, қосылған құны жоғары өнім шығарылуда.
Ұлттық майлы дақылдарды өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, соңғы жылдары сала түбегейлі трансформациядан өтті.
«Бұрын Қазақстан негізінен шикізат экспорттайтын. Қазір біз шетел нарықтарына өңделген өнім шығарып отырмыз. Кәсіпорындарды жаңғырту, жұмыс қуатын арттыру және логистиканы дамыту нәтижесінде күнбағыс майының экспорты әлемде көшбастап тұр. Алдағы мақсатымыз үздік үштікке ену және саланың валюталық түсімін 2 млрд долларға дейін жеткізу»,-деді ол Алматыда өткен дөңгелек үстелде.
2021 жылдан бері саланың жұмыс қуаты 2,5 есе өсті. Негізгі экспорттық бағыттар – Қытай, Орталық Азия елдері және Еуроодақ. Бұл нарықтарда өсімдік майы мен шрот импорты жылына 40 млн тоннадан асады. Бұл Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Саланың бүгінгі қарқыны Мемлекет басшысы белгілеген терең өңдеуді дамыту және елдің сыртқы нарықтағы позициясын нығайту бағытымен толық үйлеседі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1166376?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау