ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Orhun Medical компаниясының жаңа медициналық орталығының ашылуына қатысты.
Орталықтың негізгі бағыты позитрондық-эмиссиялық томография мен компьютерлік томографияны біріктіретін жоғары технологиялық диагностика болып табылады. Бұл онкологиялық ауруларды ерте кезеңдерде анықтауға, аурудың таралу дәрежесін бағалауға және емдеудің тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін өңір тұрғындары осындай диагностикалық қызметтерді алу үшін Алматы мен Астанаға баруға мәжбүр болған. Енді бұл қызмет тұрғылықты жері бойынша көрсетіледі.
Медициналық орталықтың жобалық қуаты жылына 3 500 ПЭТ/КТ, 16 000 магниттік-резонанстық томография, 20 000 компьютерлік томография, 25 000 рентгенологиялық зерттеу және 10 000 маммография жүргізуге есептелген. Зерттеулер мемлекет кепілдік берген тегін көлем шеңберінде жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, медициналық орталықта халыққа МРТ, КТ, рентгенография, маммография, ультрадыбыстық диагностика қызметтері, бейінді мамандардың консультациялары, зертханалық зерттеулер мен емшаралар қолжетімді болады.
Министрдің айтуынша, жаңа медициналық нысандарды іске қосу өңір тұрғындарына тұрғылықты жеріне жақын жоғары технологиялық көмек алуға мүмкіндік береді және диагностика мен емдеудің қолжетімділігін арттырады.
Сапар барысында сонымен бірге облыс тұрғындарымен және медициналық қоғамдастық өкілдерімен кездесулер өтіп, онда медициналық қызметтердің сапасы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ауылдық денсаулық сақтауды дамыту және медициналық процестерді цифрландыру мәселелері талқыланды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1165767?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау