Алматы облысы Полиция департаментінің Жедел қимылдайтын арнайы жасағының қызметкері, полиция аға лейтенанты Садыкова Умида Бахтияровна Испанияда өткен беделді Boxam Elite 2026 халықаралық бокс турнирінде сенімді жеңіске жетті. Жарыс қорытындысы бойынша ол бірінші орынды иеленіп, алтын медаль еншіледі.
Умида Садыкова – ішкі істер органдарындағы кәсіби қызмет пен жоғары спорттық жетістіктерді табысты ұштастырып жүрген жарқын тұлға. Қызметтік міндеттердің жауапкершілігі мен қарбалас кестеге қарамастан, ол жаттығуға және шеберлігін шыңдауға уақыт табады.
Ол бокс және қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері. Оның қоржынында республикалық және халықаралық деңгейдегі бірқатар жеңістер бар. 2025 жылы Умида Қазақстан Республикасы ІІМ чемпионатында қоян-қолтық ұрыстан алтын медаль жеңіп алды, Мәскеу қаласында өткен ТМД кубогында кешенді жекпе-жектен топ жарып, Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық бокс турнирінде де бірінші орын иеленді.
Испаниядағы жеңіс – қазақстандық спортшы әрі полиция қызметкерінің жоғары дайындық деңгейі мен мықты мінезінің кезекті дәлелі. Ішкі істер органдарында мұндай жетістіктер полиция беделін арттырып, қызметкерлердің оң имиджін қалыптастыруға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ететіні атап өтілуде.
– Спорт тәртіпке, төзімділікке және жауапкершілікке үйретеді. Бұл қасиеттер қызметте де аса қажет. Әрбір жеңіс – табанды еңбектің, әріптестердің қолдауының және өз күшіне деген сенімнің нәтижесі, – деп атап өтті ведомство өкілдері.
Умида Садыкованың жетістігі – мамандыққа адалдық, мақсаткерлік және спортқа деген сүйіспеншілік қызметте де, халықаралық аренада да биік нәтижелерге жетуге мүмкіндік беретінінің айқын үлгісі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1166203?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау