Ақтөбе облысы Полиция департаменті қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында заманауи технологияларды белсенді түрде енгізуде. Құқықбұзушылықтардың алдын алу және жол-көлік оқиғаларының санын азайту бағытындағы тиімді құралдардың бірі – ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану.
Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері облыстың қала сыртындағы тасжолдарында дрондарды қолданып, жолдағы жағдайды бақылауда ұстайды, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтайды және төтенше жағдайларға жедел әрекет етеді. Аэроқадағалау жылдамдықты шамадан тыс арттыру, қарсы жолаққа шығу, қауіпті маневр жасау және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өзге де өрескел құқықбұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді.
Патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары Жамбыл Нұралиев атап өткендей, атқарылып жатқан жұмыстың басты мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
— Біздің негізгі міндетіміз – адам өмірін сақтау. Заманауи технологиялар құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және жүргізушілердің тәртібін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда жол қауіпсіздігінің басты кепілі – әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі, — деді ол.
Құрметті жүргізушілер! Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, арақашықтықты ұстануға және рөлде барынша мұқият болуға шақырамыз. Жауапты мінез-құлық – өз өміріңіз бен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігінің кепілі.
Жолдағы тәртіп – ортақ міндетіміз. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында өңір жолдарын қауіпсіз ете аламыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1166689?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау