Абай облысы аумағына қарасты Бородулиха ауданының Камышенка ауылында жаңа учаскелік полиция пунктінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл шара ауылдық елді мекендерде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыс.
Іс-шараға Бородулиха ауданы полиция бөлімінің бастығы Асет Абылкасымов қатысып, жаңа нысанның ел тыныштығын сақтаудағы стратегиялық маңызын тілге тиек етті.
– Мемлекетіміздің басты құндылығы – адам және оның қауіпсіздігі. Бүгінгі күні Камышенка ауылында жаңа полиция пунктінің ашылуы – тұрғындардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам. Бұл нысан учаскелік полиция инспекторының тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, халық пен полиция арасындағы ашық әрі сенімді диалог алаңына айналады. Біз үшін әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен тыныштығы – басты міндет, – деп атап өтті.
Жаңа учаскелік полиция пункті заманауи талаптарға сай жабдықталған. Қызметтік кабинет қажетті техникамен қамтамасыз етіліп, азаматтарды қабылдауға қолайлы жағдай жасалған. Бұл тұрғындардың құқықтық көмекке жедел жүгінуіне, өтініштерін уақытылы қаратып, мәселелерін жергілікті жерде шешуіне мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсім барысында Асет Абылкасымов Бородулиха ауданы полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Рымгалиев Даниярға жаңа қызметтік кабинеттің кілтін табыстады. Бұл – жауапкершілігі мол қызметтің сеніп тапсырылғанының айқын белгісі.
Камышенка ауылында бүгінде 950-ге жуық тұрғын бар. Ауыл халқы үшін жаңа полиция пунктінің ашылуы – қауіпсіздік деңгейін арттырып қана қоймай, құқықтық мәдениетті нығайтуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған маңызды қадам.
Ауыл халқы да жаңа полиция пунктінің ашылуын аса қуанышпен қарсы алды.
– Бұл нысан біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге, құқықтық мәселелерімізді жылдам шешуге мүмкіндік береді. Енді полицияға жүгіну үшін басқа қалаларға барудың қажеті жоқ, барлық мәселемізді өз ауылымызда шеше аламыз. Жаңа полиция пункті – біздің тыныштығымыз бен сенімімізді арттыратын маңызды қадам. Біз полиция қызметкерлеріне халықпен тығыз байланыста болып, біздің мәселелерімізге әрдайым көңіл бөлуін тілейміз, – деп атап өтті ауыл тұрғындары.
Жаңа нысанның іске қосылуы полиция мен халық арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, ауылдық округте тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұл бастама – құқықтық тәртіпті күшейту және қоғамдық қауіпсіздікті арттыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстардың көрінісі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1168365?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау