Астанада қар күреу жұмысына 1 600-ден астам арнайы техника жұмылдырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Елордада толассыз қар жауып тұр. Қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген тәулік бойы режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

22 ақпан күні қар полигондарына 3 200 ауыр жүк көлігі рейсімен 52 мың текше метр қар мен мұз шығарылды.

23 ақпанға қараған түні қаланы қар мен мұздан тазалау жұмысына 1 610 арнайы техника мен 489 жол жұмысшысы жұмылдырылды.

Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жолдары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтар – аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамалар тазартылады.

Қыс маусымы басталғалы бері қаладан қар полигондарына 386 345 рейспен 5 735 935 текше метр қар шығарылған.

Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, көшелер мен тротуарларға техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыс та тәулік бойы жүргізіледі.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 23 ақпанда Астанада қар, боран және көктайғақ күтіледі. Жел екпіні кей уақытта секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының нашарлауына байланысты ескерту жасап, тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Сондай-ақ дауылды ескертулерді, ауа райы жағдайы туралы ақпаратты және қала аумағындағы автожолдардың жабылуы жөніндегі хабарламаларды SMS-хабарламалар, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы қадағалаған жөн.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты құтқарушылар тұрғындарға мынаны ескертеді:
көктайғақ кезінде асықпай, абайлап жүру;
қатты жел немесе боран кезінде аса қажеттілік болмаса, ғимараттан шықпау;
жүргізушілер жолда қауіпсіз арақашықтықты сақтау;
өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң ұстану.

Астана әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға және қолайсыз ауа райында алыс жолға шықпауға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1166819?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version