Болат мінезді әділет сақшысы: Анастасия Горлованың қайсар рухы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Болат мінезді әділет сақшысы: Анастасия Горлованың қайсар рухы
Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында ер-азаматтар майданға аттанып, ел тағдыры сынға түскен шақта қоғамдық тәртіпті қорғау ісіне нәзік жандылар да белсене араласты. Сол бір ауыр кезеңде әйелдердің табандылығы мен батылдығы қоғамға тірек болды. Осындай сын сағатта, 1943 жылғы 30 желтоқсанда 19 жастағы Анастасия Горлова Қарағанды облысының құқық қорғау органдары қатарына қабылданды. Қызмет жолын қарапайым паспорт бөлімінің қызметкері болып бастаған ол білімге құштарлығымен, еңбекқорлығымен және адалдығымен көзге түсті. Ізденімпаздығы мен жауапкершілігінің арқасында көп ұзамай бөлім басшылығына тағайындалып, кейін тергеу саласында қызметін жалғастырды. Бұл бағытта ол өзін білікті де принципшіл маман ретінде танытты. Қарағандының қақаған қысының қақ ортасында, 1924 жылдың желтоқсан айында дүниеге келген милиция майоры Анастасия Горлова бар ғұмырын заң мен әділдікке қызмет етуге арнады. Құқық қорғау органдарына небәрі 19 жасында келген ол 1978 жылдың мамырына дейін табанды еңбек етіп, отыз бес жылдан астам уақыт бойы ел тыныштығын қорғады. Ерекше табандылығы, қайтпас қайсарлығы және әрдайым алдыңғы шептен көрінуге деген шынайы ұмтылысы оған кез келген кедергіні еңсеріп, көздеген биіктеріне сеніммен жетуге жол ашты.
Анастасия Горлованың қызметтік жолында ерекше атап өтерлік істердің бірі – «сыған генералы» аталған күрделі қылмыстық істі тергеуі болды. Бірнеше айға созылған бұл резонансты іс тергеушінің терең білімі мен ұқыптылығын ғана емес, әділдікке деген берік сенімін де айқын көрсетті. Оның табандылығының нәтижесінде кінәлілер сот алдында жауап беріп, тиісті жазасын алды.
Қызметтегі ерлігі мен жанқиярлығы үшін Анастасия Горлова «Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы үздік қызметі үшін» медалімен марапатталған алғашқы қызметкерлердің бірі болды. Ол – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірнеше буынына үлгі болған, адалдық пен абыройдың символына айналған тұлға.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1168277?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version