Цифрландыру және жасанды интеллект – Қазақстан мен Словакия ынтымақтастығының басты назарында

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Братислава, 2026 жылғы 23 ақпан – Қазақстанның Словакиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жанна Сағынова Словак Республикасының Инвестициялар, өңірлік даму және цифрландыру министрі Самуэль Мигальмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар цифрлық трансформация және жасанды интеллект салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын жан-жақты талқылады. 

Қазақстан Елшісі 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту жылы деп жарияланғанын атап өтті. Бұл бастама цифрлық трансформация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, озық технологиялар алмасуға және жаңа стратегиялық серіктестіктерді қалыптастыруға қосымша серпін береді.

Сонымен қатар Елші мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде 2024-2029 жылдарға арналған Жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін атап өтті. Аталған құжат жасанды интеллект технологияларын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, денсаулық сақтау және білім беру салаларына кезең-кезеңімен енгізуді көздейтінін жеткізді.

Елші Қазақстанда заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптасқанын айтты. Атап айтқанда, Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық парк – Astana Hub қызмет атқаруда. Сонымен қатар Орталық Азия өңірінің тарихында алғаш рет екі суперкомпьютер іске қосылып, ғылыми зерттеулерді дамытуға және ұлттық инновациялық экожүйені нығайтуға тың мүмкіндіктер ашты.

Қазақстан тарапы словакиялық серіктестермен, соның ішінде цифрлық шешімдер мен үлкен деректерді талдау (Big Data Analytics) саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді. Мемлекеттік басқару жүйесінде үлкен деректерді тиімді пайдалану елдің мемлекеттік басқару сапасы мен тиімділігін арттырудың, сондай-ақ оның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін нығайтудың стратегиялық факторы екені ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар екі елдің бейінді министрліктері цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум жобасын келісу жұмыстарын жалғастыруда.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар айқындалған бағыттар бойынша әріптестікті одан әрі ілгерілетуге, бірлескен жобаларды іске асыруға және практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге уағдаласты.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bratislava/press/news/details/1168221?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version