Алматыда 2026 жылғы Бірыңғай ұлттық тестілеуге түлектерді дайындауға арналған брифинг өтті. Жасөспірімдер психологы Фатима Броева мектеп оқушыларына емтихан кезінде психологиялық денсаулықтарын қалай сақтауға болатынын айтты.
Маманның айтуынша, ҰБТ жасөспірімдер үшін өмірдегі маңызды белес сияқты қабылданып, олар болашағын көбіне сонымен байланыстырып жатады.
Сондықтан сынаққа дайындықты адамның мінез-құлқы да сынға түсетін өтпелі уақыт деуге әбден болады. Сарапшы жасөспірімнің қай-қайсысы болсын өзін көбіне айналасындағылардың сөзіне қарап бағалайтынын айтады. Емтиханға дайындық кезінде кейбірі тесттің қорытындысын өзінің шама-шарқы деп қабылдауы мүмкін. Содан ол мазасыздыққа ұрынып, қателік жасап жатады. Психологтың айтуынша, ұзаққа созылған күйзеліс зейіннің төмендеуіне, есте сақтаудың нашарлауына, ұйқының бұзылуы мен шаршап-шалдығуға алып келуі мүмкін. Мұндай жағдай жүйкеге шамадан тыс жүк түскенін білдіреді. Ересектер оған көңіл бөліп, баланың оқшаланып қалуына жол бермеуі тиіс.
«Стресс – бұл қойылатын талаптарға ағзаның бейспецификалық реакциясы. Орташа деңгейде ол ресурстарды жұмылдырып, зейінді арттырып, жұмыс қабілетін жақсартады. Алайда емтиханға ұзақ дайындықпен байланысты созылмалы стресс бейімделу механизмдерінің әлсіреуіне әкеледі», – деді ол.
Практикалық ұсыныс ретінде түлектерге күн тәртібіне көңіл бөліп, ұйқының қанық болуына, тыныс алу жаттығуын қолданып, дайындық барысында қысқа уақытқа үзіліс жасап отыруды ұсынды. Бұлар күйзелісті азайтып, адамның жұмыс істеуге деген ынтасын сақтауға көмектеседі екен. Маман отбасының рөліне ерекше назар аударды. Емтиханның қорытындысы қандай болса да, жасөспірімді үнемі қолдап, ынталандырып отыру керек.
«Емтиханнан қандай балл алса да, балаға бұрынғыша қарау керек. Бір үлкен үміт күтіп, оған тым қатты сенуге де болмайды. Ата-ана бақылаушы емес, оған ақыл қосатын жора-жолдасы сияқты болсын», – деп ескертті спикер.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1168169?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау