Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Конституциялық реформа: қоғамдық диалог және Президенттің жаңа бастамалары» тақырыбында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысып, ел болашағына тікелей әсер ететін конституциялық өзгерістерді жан-жақты талқылады. Жиынға университеттің Басқарма мүшесі, Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек модераторлық етті.
Модератор өз сөзінде Конституциялық реформаның мәні тек құқықтық өзгерістермен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама қоғамдық сананы жаңғыртуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және демократиялық институттарды дамытуға негізделгенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Ата Заң жобасының ашық қоғамдық талқылау арқылы әзірленіп, халық тарапынан түскен ұсыныстардың ескерілгені реформаның басты артықшылықтарының бірі ретінде бағаланды.
Ғалымдардың пікірінше, Конституция жобасына «Білім. Ғылым. Инновация» бағыттарының енгізілуі – стратегиялық тұрғыдан маңызды қадам. Бұл – мемлекеттің дамуы табиғи ресурстарға емес, адами капиталға, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпаққа сүйенуі тиіс екенін айқындайтын түбегейлі бетбұрыс. Осыған байланысты Конституция мазмұны мен маңызын жастарға кеңінен әрі түсінікті түрде жеткізу – негізгі міндеттердің бірі екені атап өтілді.
Жаңа редакциядағы Конституцияның тағы бір маңызды бағыты – цифрландыру. Алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау жөніндегі нормалардың бекітілуі заманауи талаптарға сай шешім ретінде бағаланды. Бұл жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және цифрлық кеңістіктегі құқықтық қорғауды күшейтуге бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1168048?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау