Мойынқұм ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Мойынқұм ауылында жаңартылған №18 өрт сөндіру бөлімі ғимараты салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Аталған маңызды нысанның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Сайранұлы Әрінов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алтай Сембекұлы Әлі, Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Құмарұлы Тоқанов, Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев, ауданның ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты шара барысында келген қонақтар жаңа нысанның маңыздылығын атап өтіп, өрт сөндірушілердің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегіне жоғары баға берді. Рәсім аясында нысанның лентасын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі мен ауданның ақсақалы, қоғамдық кеңес төрағасы Сағынғали Аманов бірге қиды.
№18 өрт сөндіру бөлімі 1987 жылы құрылған. 2025 жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды. Қазіргі таңда бөлім ғимараты заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда қызметкерлердің тиімді әрі жедел жұмыс істеуіне барлық қажетті жағдайлар жасалған. Сонымен қатар арнайы техникалар мен құрал-жабдықтар жаңартылып, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігі арттырылды.
Жаңартылған өрт сөндіру бөлімінің жұмысы аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша бөлім қызметкерлері 43 өрт оқиғасына және 80 жану дерегіне шығып, төтенше жағдай кезінде 10 азаматтың өмірін сақтап қалды.
Бүгінде бөлімде 22 қызметкер еңбек етеді. Өрт сөндірушілер тәулік бойы кезекшілік атқарып, аудан аумағында туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою бағытында тұрақты қызмет көрсетіп келеді.
Жаңартылған өрт сөндіру бөлімінің іске қосылуы аудан тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл нысан төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін кеңейтіп, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосады.
Өрт сөндіру бөлімі Мойынқұм ауылы, Амангелді көшесі №60 мекенжайында орналасқан.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1168152?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау