Будапешт, 2026 жылғы 12 ақпан – Қазақстан Елшісі ауыл шаруашылығы жануарларының халықаралық саудасы және асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту саласында маманданған Hunland Group мажар компаниясының басшылығымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Малдың генетикалық әлеуетін жаңғырту, өнімділікті арттыру және етті-сүтті бағыттағы мал шаруашылығына озық технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан тарапы мал шаруашылығы елдің аграрлық секторын дамытудың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Соңғы жылдары салада ет пен сүт өндірісінің ұлғаюы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарлары санының тұрақты өсуі байқалуда. Сонымен қатар, Қазақстанның 200 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы алқаптары, оның ішінде кең көлемді жайылымдық жерлері бар екені атап өтілді. Бұл ауқымды мал шаруашылығын өнеркәсіптік деңгейде дамытуға қолайлы жағдай жасайды.
Кездесу аясында мажар әріптестерге агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат ұсынылды. Атап айтқанда, асыл тұқымды мал басын сатып алуды субсидиялау тетіктері, мал шаруашылығы өнімін өндіруді қолдау құралдары, сондай-ақ жеңілдетілген несиелеу және лизингтік бағдарламалар талқыланды. Бұдан бөлек, ұлттық даму институттары арқылы инвестициялық жобаларды қаржылық сүйемелдеу мүмкіндіктері қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар консультацияларды жалғастыру және өзара іс-қимылдың нақты бағыттарын пысықтау туралы уағдаласты. Қазақстан Елшілігі асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға және Қазақстан мен Мажарстан арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1168561?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау