18 ақпанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы қорытындысы бойынша алқа жиналысы және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.
Отырысқа Бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев төрағалық жасады. Жиынға аумақтық департаменттердің, Ұлттық сараптама орталығы мен оның аумақтық филиалдарының, сондай-ақ обаға қарсы станциялардың басшылары қатысты.
Отырыс барысында есептік кезеңдегі санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы қорытындыланып, 2026 жылға арналған міндеттер мен одан әрі дамудың негізгі бағыттары талқыланды. Олардың қатарында жұмыс процестерін цифрландыру, заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік бақылау тиімділігін арттыру және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту мәселелері бар.
Отырыс қорытындысы бойынша қызметтің нәтижелілігін арттыруға бағытталған бірқатар нақты міндеттер жүктелді. Атап айтқанда, «СЭҚ» ақпараттық жүйесін жүргізуде жеке жауапкершілікті күшейту, электрондық медициналық кітапшаларды енгізу және олардың қолданылуын қатаң бақылауға алу тапсырылды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жүйелі түрде жалғастыру, бюджеттік қаражаттың игерілуіне ай сайын мониторинг жүргізу, әкімшілік заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтау және азаматтар мен ұйымдардың өтініштерін қарау сапасын арттыру міндеті қойылды.
ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті алға қойылған тапсырмаларды абыроймен орындап, облыс тұрғындарының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын жақсарту бағытында аянбай қызмет атқаратын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-vko/press/news/details/1168366?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау