ШҚО-да көктемде 650-ге жуық адам әскерге аттанады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

1 наурыздан бастап Шығыс Қазақстан облысында көктемгі кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталады. Биыл өңір бойынша 650-ге жуық жас азамат әскерге аттанады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасө конференциясында Шығыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының шақыру жұмыстары мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары Жәнібек Сапаров мәлімдеді.

Әскерге шақырылатын азаматтарды хабардар ету олардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орнына жолданатын жеке шақырту қағазы, 1414 нөмірінен жіберілетін SMS-хабарламалар арқылы жүзеге асырылады.

Жәнібек Сапаровтың айтуынша, мерзімді әскери қызметке азаматтарды шақыру және қызмет мерзімін өтегендерді әскери резервке шығару қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату қызметтері электронды форматта ұсынылады.

Бұл қызметтер жергілікті атқарушы органдар арқылы тегін көрсетіледі. Мамандар тұрғындарды әскери қызметтен босату немесе кейінге қалдыру мәселесін «ақша арқылы шешіп беруге» уәде ететін алаяқтарға сенбеуге шақырады. Мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі туралы толық ақпаратты Электрондық үкімет порталы арқылы білуге болады.

Сонымен қатар әскери білім алуға ниетті жастар үшін де мүмкіндік мол. Қазақстанның әскери жоғары оқу орындарына түсу үшін үміткерлер 30 сәуірге дейін онлайн немесе әскери комиссариат арқылы өтініш беруге тиіс. Үміткерлер ҰБТ-дан кемінде 50 балл жинап, медициналық тексеруден, психологиялық іріктеуден және дене дайындығы сынағынан өтеді. 2026 жылдан бастап құжаттарды онлайн тапсыру толық енгізілді.

Дереккөз: ӨКҚ

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1168508?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version