«Таза Қазақстан»: Ақтауда құрылыс нысандары аумағында ірі қоқыс қалдықтары анықталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Ақтау қаласында республикалық “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы шеңберінде қала аумағындағы санитарлық жағдайға мониторинг жұмыстары жүргізілді. Мониторинг барысында бірқатар заңсыз төгілген қоқыс үйінділері анықталды. Анықталған қалдықтардың басым бөлігі құрылыс компанияларына тиесілі екені белгілі болды.

Атап айтқанда, кейбір тұрғын үй кешендерінің аумағында құрылыс материалдарының қалдықтары, тұрмыстық және өзге де қоқыс түрлері ретсіз жиналған. Сонымен қатар, жекелеген құрылыс нысандарында қоршаулардың бейберекет орнатылғаны, абаттандыру талаптарының сақталмағаны тіркелді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әрбір құрылыс салушы компания өз нысанының аумағындағы тазалық пен санитарлық жағдайға тікелей жауапты. Құрылыс алаңдарында қалдықтарды уақытылы шығару, қоршауларды талапқа сай орнату және іргелес аумақты абаттандыру – мердігер ұйымдардың міндеті. Белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда тиісті шаралар қабылданып, айыппұл санкциялары қолданылатын болады.

– Осыған байланысты, Ақтау қаласы аумағындағы барлық құрылыс салушы компаниялар мен кәсіпкерлерге нысандарыңыздың аумағында тазалық талаптарын қатаң сақтауды, құрылыс қалдықтарын белгіленген орындарға шығаруды және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді сұраймыз, – деді Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сайлаубаев.

“Таза Қазақстан” акциясы аясындағы мониторингтік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты жалғасатын болады. Тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарап, заңсыз қоқыс төгу деректерін болдырмауға шақырамыз.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1167629?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version