«Су – өмірдің бастауы» дейді дана халқымыз. Шындығында, әрбір өзен, көл және су қоймасы – тіршілік көзі ғана емес, ауыл шаруашылығы мен экономика үшін де маңызды ресурс. Осы орайда Жамбыл облысы аумағында су объектілерін қорғау және судың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі шаралар атқарылуда.
Жамбыл облысының жер үсті су объектілерінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған Жол карта облыс әкімімен бекітілді. Бұл Жол карта бойынша облыс аумағындағы 103 су объектісіне су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу көзделген.
2024 жылғы жоспарға сәйкес, облыста орналасқан 57 су нысаны бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жұмыс жобасы әзірленіп, Жамбыл облысы әкімдігінің 30 желтоқсандағы № 35 және № 318 Қаулыларымен бекітілді. Осы мәліметтер мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілді.
Бекітілген 57 су нысанында, Қазақстан Республикасының Су Кодексінің 86-бабына сәйкес, қызметіне тыйым салынған 668 нысан анықталды. Бұл нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және суды ластамау мақсатында, тиісті іс-шараларды атқаруға Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалануды жөніндегі Шу-Талас бассейндік су инспекциясы, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаменті, сондай-ақ қала және аудан әкімдіктеріне (Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Сарысу, Талас, Меркі, Т. Рысқұлов, Шу, Қордай аудандары, жер қатынастары бөлімдері) жолданған хаттар арқылы ұсынылды.
Ал 2025 жылға арналған жоспарға сәйкес, облыстағы 40 су нысаны үшін су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жобасы әзірленіп, Жамбыл облысы әкімдігінің 2 желтоқсандағы № 247 Қаулысымен бекітілді. Кеңістік деректері мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізіліп, Су Кодексінің 86-бабы негізінде қызметіне тыйым салынған 162 нысан анықталды.
Осы жұмыстардың барлығы судың таза қалпын сақтау, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған. Су ресурстарын қорғау – бұл тек мемлекеттік органдардың міндеті ғана емес, әрбір тұрғынның да жауапкершілігі. Қорғалатын аймақтарды белгілеу және оларды сақтау арқылы біз табиғат байлығын сақтап, болашақ ұрпаққа таза және қолжетімді су қалдырамыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-tabigat/press/news/details/1168358?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау