«Су – тіршілік көзі» дейді дана халқымыз. Расында, табиғаттың баға жетпес байлығы саналатын су ресурстарын тиімді пайдалану – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Климаттық өзгерістер мен су тапшылығы жағдайында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, заманауи технологияларды кеңінен енгізу және әрбір тамшы судың қадірін арттыру – стратегиялық маңызы бар бағыт.
Қазіргі таңда су ресурстарын тиімді пайдалану – өңірлік дамудың басты бағыттарының бірі. Осы орайда Жамбыл облысы аумағында су үнемдеу технологияларын кеңінен ендіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемін жыл сайын ұлғайту бағытында нақты шаралар атқарылуда. 2024 жылы өңірде 55,4 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, 2023 жылғы 40 мың гектар көрсеткішпен салыстырғанда 15,4 мың гектарға артты. Бұл – шаруалардың жаңа тәсілдерге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
2025 жылы да бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, шаруалар тарапынан қосымша 11 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Нәтижесінде жалпы көрсеткіш 66,5 мың гектарға жетті.
Оның ішінде:
- тамшылатып суғару – 44,6 мың гектар;
- жаңбырлатып суғару – 19,3 мың гектар;
- лазерлік жоспарлау – 2,6 мың гектар.
Бұл технологиялар суды дәл мөлшермен беруге, шығынды азайтуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
2026 жылға су үнемдеу технологияларын 10 мың гектарға енгізіп, жалпы көрсеткішті 76,6 мың га жеткізу жоспарлануда.
Бұл жұмыстар өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Бүгінде су үнемдеу – тек ауыл шаруашылығы саласының міндеті емес, ол – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Су ресурстарын ұқыпты пайдалану арқылы біз болашақ ұрпаққа табиғи байлығымызды сақтап қаламыз. «Судың да сұрауы бар» деген қағиданы берік ұстанған жағдайда ғана тұрақты даму жолына сенімді қадам басамыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-tabigat/press/news/details/1168342?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау