Аудандық референдум комиссиясы жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы аудан әкімінің орынбасары Серік Токмамбетовпен бірге аудан орталығындағы №290, №291, №293 референдум учаскелерінде мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында мониторинг жұмыстарын жүргізді.
Тексеру барысында учаскелердің кіреберістерінде пандустардың болуы, тактильді жолақтардың орнатылуы, шақыру батырмаларының жұмыс істеуі, арнайы жабдықталған дауыс беру кабиналарының қойылуы, сондай-ақ ғимарат ішіндегі қозғалысқа қолайлы кеңістіктің қамтамасыз етілуі қаралды.
Сонымен қатар, көзі нашар көретін азаматтарға арналған Брайль қарпімен дайындалған ақпараттық материалдардың болуы, арбамен жүретін азаматтарға арналған кең есіктер мен табалдырықтардың сәйкестігі зерделенді. Учаскелік комиссия мүшелеріне мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеу тәртібі бойынша қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Жалпы алғанда, референдум учаскелері заң талаптарына сәйкес жабдықталған және азаматтардың кедергісіз дауыс беруіне қажетті жағдай жасалған.
Жұмыс тобы басқа да референдум учаскелеріне мониторинг жүргізуді жалғастыратын болады.
Сырым ауданының аумақтық сайлау комиссиясы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1168875?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау