Еңбекминінде Сенаттың «Талдау мектебі – Школа аналитики» жобасының сарапшыларымен Инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру мәселелері талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Министр Асқарбек Ертаевтың «Талдау мектебі – Школа аналитики» жобасына қатысушылармен кездесуі өтті. Талқылаудың басты тақырыбы инклюзивті қоғам қалыптастыру, әлеуметтік саладағы жаңа мемлекеттік тәсілдерді іске асыру және мүгедектігі бар адамдар үшін қызметтерді цифрландыру мәселелері болды.

Кездесу барысында ведомство басшысы Қазақстанның БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясы аясындағы халықаралық міндеттемелерді дәйекті түрде орындап келе жатқанын атап өтті. Ол тең мүмкіндіктердің базалық қағидаттары ҚР Әлеуметтік кодексінде бекітілгенін атап өтіп, аталған жұмыстың қисынды жалғасы ретінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасындағы Инклюзивті саясаттың 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданғанын айтты.

Кездесу барысында медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) рәсімдерін цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мүгедектікті белгілеу процесін жеңілдету үшін сырттай (проактивті) формат белсенді қолданылуда – 2025 жылы осылайша 113,1 мың азаматқа мүгедектік белгіленді. Қазіргі уақытта сараптамалық шешімдердің мейлінше ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу де сынақтан өткізілуде.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. «Талдау мектебі – Школа аналитики» сарапшылары Министрлік басшылығына жұмысқа орналастыру және жұмыс орындарында бейімделу процестеріне, жұмыс берушілер үшін квоталарды автоматтандыруға, сондай-ақ жергілікті жерлерде инклюзивті күн тәртібін ілгерілетудегі әкімдердің штаттан тыс кеңесшілерінің рөліне қатысты бірқатар өзекті сұрақтар қойды.

Іс-шара соңында Асқарбек Ертаев Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі жұмысының маңыздылығын атап өтіп, ведомствоның тиімді мемлекеттік шешімдерді әзірлеу үшін сарапшылар қауымдастығымен одан әрі тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.

«Талдау мектебі – Школа аналитики» қоғамдық жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен жүзеге асырылуда және ол мемлекеттік басқару, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, БАҚ қызметі мен азаматтық сектор салаларында талдаушылардың кәсіби құзыреттерін арттыруға, сыни ойлауды және стратегиялық талдау дағдыларын дамытуға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1169430?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version