Түркістан қаласында КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Орта Азия және Қазақстан Республикасының волейболдан тұңғыш спорт шебері, белгілі волейболшы Октябрь Қыдырбайұлы Жарылқаповты еске алуға арналған 2009–2010 жылы туған қыздар арасындағы дәстүрлі республикалық ашық волейбол турнирі басталды.
Спорттық шара Түркістан қаласындағы «Халықаралық туризм және меймандостық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының спорт кешенінде өтуде.
Турнирдің ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы Мұсағалиев, сондай-ақ «Халықаралық туризм және меймандостық университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы – ректор Бекежан Қожабекұлы Мырзаев қатысып, қатысушыларға сәттілік тілейді.
Турнир бағдарламасына сәйкес, 24 ақпан күні іріктеу және алғашқы ойындар өткізілсе, 25 ақпанда ширек финалдық кездесулер, 26 ақпанда жартылай финалдық ойындар ұйымдастырылады. Ал 27 ақпан күні финалдық ойындар өткізіліп, жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер салтанатты түрде марапатталады.
Аталған республикалық турнирге Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Тараз қаласы және Жамбыл облысынан келген командалар қатысуда. Жалпы саны 4 командадан құралған жарысқа 80-ге жуық жас спортшы қатысып, өзара бақ сынауда.
Жарыстың негізгі мақсаты – волейбол спортының дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты азамат Октябрь Қыдырбайұлы Жарылқаповтың есімін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, сондай-ақ өңірлер арасындағы спорттық байланысты нығайту.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1168610?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау