Популизмсіз энергетика: Ерлан Ақкенженов аналитиктермен саланың нақты сын-қатерлерін талқылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана қаласында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Парламент Сенаты жанындағы «Талдау мектебі – Школа аналитики» жобасына қатысушы аналитиктермен кездесті. Кездесу барысында энергетика саласындағы қуат тапшылығы, тарифтердің өсуін тежеу және жаңа технологиялардың саланы дамытудағы рөлі талқыланды. Іс-шара KEGOC АҚ-ның жүйелік операторы базасында өтті.

Басқосуда ведомство басшысы отын-энергетика кешеніндегі қазіргі ахуал мен алдағы жылдарға арналған жоспар туралы баяндады. Ол жаңа электр стансаларын салу, мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту және газ-химия саласын дамыту бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ Ерлан Ақкенженов энергетика саласында «қолмен» басқарудан цифрлық басқаруға кезең-кезеңімен көшу жүзеге асып жатқанын, тұтынуды дәл болжау және апаттардың алдын алу үшін жасанды интеллект құралдары енгізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазіргі басты міндетіміз — елдің өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды қысқа мерзімде салып, жаңарту. Сонымен қатар тепе-теңдікті сақтауымыз қажет: жаңартылатын энергия көздерін дамыта отырып, кез келген ауа райында тұрақты жұмыс істейтін сенімді көмір және газ генерациясына сүйенуіміз керек», — деп атап өтті министр.

Кездесу ашық пікірталас форматында өтті. Жиын барысында «Талдау мектебінің» қатысушылары энергетика саласына қатысты нақты әрі тәжірибелік сұрақтар қойды. Жас сарапшылар Қазақстанның электр энергиясы импортына тәуелділігін азайту мәселесіне және жаңа көмір электр стансаларының қалалар экологиясына қалай әсер ететіндігіне қызығушылық танытты. Сонымен қатар солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру мәселелері, электр желілерін ауқымды жаңғыртудың соңғы тұтынушылар үшін тарифтерге әсері талқыланды.

Әңгіме барысында Ерлан Ақкенженов жастарды мемлекеттік шешімдер қабылдауда жүйелі тәсілдерге сүйенуге шақырып, сапалы деректерге негізделген талдау мен ұзақмерзімді стратегиялық жоспарлау елдің энергетикалық егемендігі мен тұрақты өнеркәсіптік дамуын қамтамасыз етудің негізгі факторы екенін айтты.

Іс-шара Ұлттық диспетчерлік орталыққа экскурсиямен аяқталды. Аналитиктер Қазақстанның энергожүйесі нақты уақыт режимінде қалай басқарылатынын көрді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1169399?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version