Қателіксіз айналма қозғалыс: Талдықорғанда жүріп өту ережелері түсіндірілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Талдықорған қаласында Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, айналма қозғалысы бар жолайрықтардан өту ережелерін еске салды. Профилактикалық іс-шара жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

Қарапайым көрінгенімен, айналма жолайрықтар көбіне жол-көлік оқиғалары тіркелетін орынға айналып жатады. Бұған себеп — жүргізушілердің мұқиятсыздығы, жол жолағын дұрыс таңдамауы және басымдықты сақтамауы.

Негізгі қағида — шеңбердегі көлікке жол беру

Қазақстан Республикасының қолданыстағы Жол қозғалысы қағидаларына сәйкес, айналма қозғалысқа кірген жүргізуші шеңбер бойымен қозғалып келе жатқан көлік құралдарына жол беруге міндетті. Бұл — әрбір жүргізуші есте сақтауы тиіс басты қағида.
• айналмаға кірер алдында жылдамдықты төмендетіп, жол жағдайын бағалау қажет;
• шеңбер бойымен қозғалып келе жатқан көліктер басымдыққа ие;
• бірнеше жолақ болған жағдайда, әрі қарайғы қозғалыс бағытына сәйкес тиісті жолақты алдын ала таңдау маңызды;
• айналмадан шығар кезде міндетті түрде бұрылыс көрсеткішін қосу керек.

Егер жүргізуші оңға бұрылуды жоспарласа, оң жақ шеткі жолақты алуы тиіс. Тікелей қозғалу үшін (жол белгілері мен таңбалары рұқсат етсе) оң немесе орта жолақты пайдалануға болады. Солға бұрылу немесе кері бұрылу кезінде алдын ала сол жақ жолаққа ауысу ұсынылады.

Айналма ішінде күрт жолақ ауыстыру апатты жағдай туындатып, соқтығысқа әкелуі мүмкін.

Жол қозғалысы қағидаларын сақтау — жай формалдылық емес, бұл әрбір жол қозғалысына қатысушының қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселе.

«Айналма қозғалыс жолайрықтардан өтуді жеңілдету және жол-көлік оқиғаларының санын азайту үшін енгізілген. Алайда оның тиімділігі жүргізушілердің тәртібі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты», — деп атап өтті полиция қызметкерлері.

#заңжәнетәртіп #законипорядок #білгеніңізабзал #важнознать

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1169463?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version