Сазтерек ауылдық округіне қарасты Абай ауылдық клубында Конституциялық реформаның негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған ауқымды жиын өтті. Кездесу барысында Ата заңға енгізілетін өзгерістердің мәні мен алдағы референдумның мемлекет тарихындағы маңызы кеңінен талқыланды.
Жиынға қатысқан аумақтық коалиция өкілдері тұрғындарға жаңа Конституция жобасындағы әрбір норма бойынша егжей-тегжейлі түсініктеме берді. Реформаның басты мақсаты — мемлекеттік басқару моделін оңтайландыру және билік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайту.
Абай ауылдық клубына жиналған қауым тек тыңдап қана қоймай, өз пікірлерін ашық білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Тұрғындарды әсіресе жер мәселесі, әлеуметтік әділеттілік және жергілікті әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру нормалары қызықтырды.
Коалиция өкілдері алдағы референдумның демократиялық принциптерге негізделгенін және әрбір дауыс маңызды екенін атап өтті. Жергілікті басқару жүйесіне енгізілетін жаңашылдықтар ауыл өмірін жақсартуға және жергілікті бастамаларды қолдауға жол ашпақ.
Жиын соңында қатысушылар реформаның бағытын қолдайтындарын білдіріп, маңызды саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/1169296?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау