Атыраулық кәсіпкер Бақыт Искакова 30 жылдан бері гүл бизнесімен айналысып келеді. Ол биыл алғаш рет ауданы 3 000 шаршы метр болатын жеке жылыжайында 200 мың қызғалдақ отырғызды. Пиязшықтар Нидерландтан алынады, ал оларды өсіру идеясы кездейсоқ пайда болған.
Жылыжай салу идеясы көптен бері ойында жүрген. Кәсіпкердің айтуынша, ол гүлдерді тек сатып қана қоймай, оларды отырғызудан бастап сөреге шыққанға дейін өзі өсіруді мақсат еткен. Қызғалдақтарды өсіру үшін температуралық режимді қатаң сақтап, топырақты дұрыс дайындау керек. Отырғызылған сәттен сатуға дайын гүл түйнегі пайда болғанша шамамен үш ай уақыт өтеді.
Биылғы қыс гүл өсірушілер үшін оңай болған жоқ. Қатты аязда жылыжай ішіндегі 14–16 градустық бірқалыпты жылуды ұстап тұру үлкен күшті талап етті. Соған қарамастан, төгілген тер мен табанды еңбектің жемісі ақталды – бүгінде қызғалдақтар қаладағы 11 сауда нүктесінде сатылып жатыр.
– Біз 200 мың қызғалдақты өз сауда орындарымызда өткізу үшін өсіріп отырмыз. Көпшілік қомақты көлемде алып көргенімен, сату барысында қиындыққа ұрынады. Гүлдің бір бөлігі өтеді де, қалғаны қолда қалады. Соның салдарынан келесі жылы бұл іске деген ықылас бәсеңдейді. Ал бізде ондай жағдай болмайды, – дейді Бақыт Искакова.
Кәсіпкердің айтуынша, қызғалдақ өсіру – маусымдық бизнес. Негізгі өнімді Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сатуды жоспарлап отыр. Қазір жылыжайда 20-дан астам адам жұмыс істейді, жұмыс тәулік бойы жүріп жатыр. Уақыт өте келе бұл іс отбасылық кәсіпке айналып, бүгінде оған ұлы мен келіні де атсалысуда.
–Бұрын гүлдерді Нидерландтан, Беларусь пен Ресейден әкеліп, өз дүкендерімізде сататынбыз. Алайда жыл сайын логистика мен кеденге байланысты қиындықтар туындағандықтан, гүлдерді өзіміз өсіреміз деп шештік. Биыл 11 500 пион пиязшығына тапсырыс бердік, оларды тек үш жылдан кейін сата аламыз. Хризантема, раушан және басқа да гүл түрлерін өсіруді жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкердің келіні Айгерім Даулетиярова.
Өткен жылы бір тал гүлдің бағасы 800 теңге болған еді, ал биыл отандық өнімді 700 теңгеден сатуды жоспарлап отыр. Кәсіпкерлер алда өндіріс көлемін ұлғайтып, гүлдерді батыс өңірінің басқа да қалаларына саттыққа шығаруды қарастыруда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-industrial/press/news/details/1170452?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау