Байзақ ауданы, Сеңкібай ауылындағы Еңбек орта мектебінде еліміздің Ата заңына енгізілетін өзгерістерді түсіндіру мақсатында білім беру саласының қызметкерлерімен маңызды кездесу өтті. Шара барысында жаңа Конституция жобасының басымдықтары мен алдағы референдумның тарихи маңызы кеңінен сөз болды.
Жиын барысында Конституция жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, ұсынылып отырған өзгерістердің мәні мен маңызы жан-жақты түсіндірілді. Реформаның басты мақсаты — адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту және мемлекеттік басқару жүйесін жаңа сапалы деңгейге көтеру.
Кездесуде атап өтілгендей, алдағы референдум — бұл жай ғана дауыс беру науқаны емес, бұл — ел дамуының алдағы стратегиялық кезеңін айқындайтын тарихи қадам. Ұсынылып отырған өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға және мемлекеттік аппараттың халық алдындағы есептілігін арттыруға бағытталған.
“Жаңа Конституция — бұл әрбір азаматтың құқығы қорғалатын, білім мен ғылым төрге шығатын әділетті қоғамның іргетасы. Ұстаздар қауымы ретінде біз бұл өзгерістердің маңыздылығын терең сезінеміз”, – деді мектеп ұжымының өкілдері.
Жиын соңында Еңбек орта мектебінің ұжымы көтерілген бастамаларды қолдайтындарын білдірді. Қатысушылар 15 наурыз күні өтетін жалпыхалықтық референдумның ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, тарихи таңдау жасауға дайын екендіктерін жеткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/1170103?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау