Прокуратура инвесторларды сүйемелдеу стандартын іске қосты: бірыңғай әдістеме әзірленді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиевтің төрағалығымен инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің бірыңғай тәсілдерін енгізу мәселелері бойынша кеңесі өтті.

Талқылауға Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы, Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитеті төрағасының орынбасары Арман Ақсубаев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарушы директоры Әлжан Естемесов, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс режимінде өңір прокурорлары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Жиында инвестициялық жобаларды инвестордың алғашқы өтінішінен бастап нысанды пайдалануға бергенге дейінгі барлық кезеңде сапалы құқықтық сүйемелдеу, сондай-ақ жобаларды инвесторлар тізіліміне уақытылы қосу мәселелері қаралды.

Мемлекеттік органдардың шешімдеріне «прокуратура сүзгісі» механизмі арқылы мониторинг жүргізуге, дауларды сотқа дейін реттеуге және жүйелі әкімшілік кедергілерді, соның ішінде жер учаскелерін беру, техникалық шарттарды алу және инфрақұрылымға қосылу мәселелерін жоюға ерекше назар аударылды.

Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев барлық мемлекеттік органның үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап өтті.

«Біздің басты міндетіміз – инвестициялық жобаларды сүйемелдеу кезінде барлық мемлекеттік органдардың нақты әрі жүйелі іс-қимылын қалыптастыру. Жобаны іске асырудың әрбір кезеңінде әрбір қатысушының рөлі мен жауапкершілік аясы нақты белгіленуі тиіс», ­ деді ол.

Өңірлердегі прокурорлар үшін бірыңғай және түсінікті іс-қимыл тәртібін қамтамасыз ету мақсатында инвесторларды сүйемелдеу әдістемесі әзірленді. Ол жұмыстың кезең-кезеңімен орындалу алгоритмін, үйлестіру тетіктерін және ден қою құралдарының тізбесін бекітеді.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы бұл әдістеме инвестициялық жобаларды іске асыру кезіндегі тәуекелдер мен формальды көзқарасты болдырмауға бағытталғанын айтты.

«Біздің міндетіміз – инвестициялық жобалардың әкімшілік рәсімдерде тежелуіне жол бермеу. Инвестор алғашқы күннен бастап мемлекет заңдылықты, оның инвестициясының қорғалуын және жобаның барлық кезеңінде сүйемелдеуді қамтамасыз ететінін түсінуі керек», деп түсіндірді төраға­.

Ол қадағалау органдары жұмысының негізгі принципі – мәселелерді анықтау және оларды сотқа дейін шешу екенін атап өтті.

«Басты қағида – ешқандай формализмге жол берілмеуі тиіс. Дау сотқа жеткенге дейін мәселе шешілу керек. Тиімді сүйемелдеу – бұл мәселелерді фактіден кейін тіркеу емес, тәуекелдерді дер кезінде анықтау, инвестормен тұрақты байланыста болу және кедергілерді нақты жою», – деп қосты Бауыржан Ералы.

Әдістеме әрбір инвестициялық жобаға дербес прокурорды бекітуді, инвестормен тұрақты байланысты, жол карталарының орындалуын кезең-кезеңімен бақылауды, сондай-ақ инвесторларға қатысты негізсіз тексерулерге, талап-арыздар мен әкімшілік шешімдерге жол бермеу үшін ақпараттық ресурстар мен өтініштерге мониторинг жүргізуді қарастырады.

Кеңес қорытындысы бойынша ведомствоаралық іс-қимылды күшейту, инвесторлармен коммуникацияны жақсарту және олардың құқықтарының бұзылуы туралы келіп түскен өтініштерге жедел ден қоюды қамтамасыз ету тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kzpi/press/news/details/1170457?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version