ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ БОЛАШАҚҚА БАҒЫТ БЕРЕТІН ҚҰЖАТ
Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалициясының Түркістан облысындағы өкілдері Түркістан қаласындағы «Болашақ» жоғары көпсалалы колледжінің оқытушыларымен және студент жастарымен кездесу өткізді. Кездесуге облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева, Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, сондай-ақ коалиция мүшелері Құрманғали Сүлейменов пен Ысқақ Ахметов қатысты.
Жиын барысында алдағы референдумның тарихи маңызы, оның елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы жан-жақты түсіндірілді. Спикерлер референдум халық еркін білдіретін, маңызды мемлекеттік шешімдерге тікелей қатысудың тиімді тетігі екенін атап өтті. Бұл әр азаматтың ел болашағына қатысты ұстанымын айқындайтын жауапты кезең екені айтылды.
Қалыйма Жантөреева өз сөзінде жаңа Конституцияның негізгі басымдықтарына тоқталды. – Жаңа Конституция адамның өмірі мен қадір-қасиетін ең жоғары құндылық ретінде бекітеді. Заң үстемдігін нығайтып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нақтылайды. Әлеуметтік әділдік, тең мүмкіндік, білім мен медицинаға қолжетімділік секілді маңызды бағыттар Ата Заң деңгейінде айқындалады. Ал референдум осы өзгерістерді халықтың өзі қолдап, болашаққа бағыт беруінің айқын көрінісі, – деді ол.
Кездесу еркін форматта өтіп, оқытушылар мен студенттер өз ой-пікірлерін білдіріп, сауалдарын қойды. Әсіресе жастардың азаматтық белсенділігі, құқықтық мәдениеті мен қоғамдық үдерістерге қатысуы төңірегінде мазмұнды әңгіме өрбіді. Қатысушылар референдумға саналы түрде қатысу елдің тұрақты дамуына қосылған үлес екенін атап өтті.
Сондай-ақ коалиция мүшелері Түркістан қалалық орталық ауруханасының ұжымымен кездесті. Медицина қызметкерлерімен өткен жиында да алдағы референдумның мәні мен маңызы кеңінен талқыланды. Спикерлер денсаулық сақтау саласының қоғамдағы стратегиялық рөліне тоқталып, мемлекет дамуының жаңа кезеңінде әрбір азаматтың белсенді ұстанымы маңызды екенін жеткізді.
Аурухана қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Ашық әрі сындарлы диалог форматында өткен кездесулер өзара түсіністік пен сенімді нығайтып, референдумның ел болашағын айқындайтын маңызды қадам екеніне көз жеткізді.
Коалиция өкілдері одан соң Түркістан Ахмет Ясауи кәсіби колледжі ұжымымен, Хамза атындағы №2 жалпы орта білім беру ұйымы ұжымымен кездесіп, Жаңа Конституцияның мәні мен мазмұнын түсіндірді.
Жалпы, Түркістан қаласындағы кездесулер қоғамның әр саласы өкілдерінің алдағы саяси науқанға бейжай қарамайтынын, ел дамуына қатысты маңызды шешімдерге жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-mayakum/press/news/details/1170387?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау