Даму векторы — құндылықтар мен кәсібилік:
Аудандық білім беру мекемелерінің басшыларымен өткен кеңес
25 ақпан күні білім бөлімінде аудандық білім беру мекемелерінің басшыларымен кеңейтілген кеңес өтті. Жиында тәрбие жұмысын жоспарлау, ұйымдастыру және өткізу мәселелеріне басты назар аударылды.
Кездесудің негізгі тақырыбы — тәрбие жұмысын қайта жаңғырту және педагогикалық ортада этикалық нормалардың мүлтіксіз сақталуы болды.
Кеңесті ашу барысында Қазақстан мектептеріндегі тәрбие процесі «Адал азамат — Біртұтас тәрбие» біріңғай бағдарламасы аясында құрылатыны атап өтілді. Директорларға оқушылар бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру бойынша жұмысты күшейту тапсырылды. Сондай-ақ отбасы мен мектеп байланысын нығайту үшін ата-аналармен белсенді жұмыс жүргізу және әрбір бала үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру міндеттелді.
Кеңестің екінші маңызды блогы заңнама талаптарының сақталуына арналды. Басшыларға «Педагог мәртебесі туралы» Заң тек артықшылықтар ғана емес, сонымен бірге жоғары жауапкершілік екені ескертілді.
«Педагогтің этикалық мінез-құлқы — қоғамның білім беру жүйесіне деген сенімінің іргетасы. Азаматтық қызметшілердің әдеп кодексі мен педагогикалық әдеп нормаларын сақтау мінсіз болуы тиіс», — деп атап өтілді кездесу барысында.
Кеңес қорытындысы бойынша білім беру мекемелерінің басшыларына бірқатар тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.
Жиын соңында бұл тапсырмаларды жүйелі түрде орындау білім беру ортасының сапасын арттыруға және оқушылардың ұлттық дәстүрлер мен заманауи құндылықтар рухында үйлесімді дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aiyrtau-edu/press/news/details/1171539?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау