Үлгілі ауылдық клубында 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған «Алғыс, алғыс адамзаттың бәріне» атты мерекелік концерт өтті. Тағылымы мол кештің басты мақсаты – ел ішіндегі бірлік пен татулықты дәріптеу, әр адамды шынайы алғыс айтуға үндеп, ризашылық мәдениетін қалыптастыру болды.
Концерт шымылдығы Бурыл «Өнер» мектебінің «Еркеназ» бишілері орындаған қазақ биімен түрілді.
Мерекелік кеште құттықтау сөз аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықовқа берілді. Ол өз сөзінде Алғыс айту күні – тағдыр тоғыстырған түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына және бір-біріне деген ризашылығын білдіретін ерекше мереке екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаты Есеева Тамара жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, бірлік пен ынтымақтың маңыздылығына тоқталды.
Концерттік бағдарлама барысында түрлі этномәдени орталықтардың өнерпаздары өнер көрсетті. Түрік этномәдени орталығының өкілі Шамиль Бешлиев ән орындап, «Лезгинка» биі көпшілік ықыласына бөленді. Моңғол қызы Салтанат Жаба «Жүректен туған аңыз» әнін шырқап, көрермендерді тебірентті. Кәріс орталығының бишілері ұлттық биін ұсынса, «Еркеназ» бишілері орыс биін орындап, достықтың жарқын көрінісін паш етті.
Сондай-ақ Раяна Жамбылдың «Жақсылықтарда жолығайық», Арзу Момучоглының «Қазақ елі», Эмрие Шатованың Ю.Николаевтың «Маленькая страна» әні, Динара Диханбаева орындаған Жарасқан Төлебайдың «Алғыс» әні кештің көркін қыздырды. Әрбір өнер нөмірі көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, ұзақ қол шапалақпен қошеметтелді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/1171823?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау